Ақжарда жолдар жөнделуде
ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Сарыағаш ауданының әкімі Мүхит Отаршиев Ақжар ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Аудан басшысы кездесу барысында алдымен Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы тоқталып, одан соң Сарыағаш ауданында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі ағын су, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, жолға асфальт төсеу, тозығы жеткен электр бағаналары мен трансформаторларды ауыстыру туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.
Өз кезегінде аудан басшысы тұрғындарға аудан аумағында инфрақұрылым деңгейін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, ағымдағы жылы Ақжар елді мекеніне қарасты Төле би және Жамбыл көшелерінің жол жамылғысына асфальт төселетінін жеткізді.
Ал, елді мекендегі тозығы жеткен электр бағаналары бойынша ауылдық округ әкіміне «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің аудандық электр желілері мекемесімен бірлесе анықтау жұмыстарын жүргізіп, бірінші кезекте апаттық жағдайда тұрған электр бағаналарын ауыстыруды және ашық тұрған электр трансформаторларын қоршау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Кездесуден кейін аудан басшысы ауылдық округ тұрғынын жеке өтініші бойынша да арнайы қабылдады. Қабылдауға келген ауыл тұрғынының шаруашылық жерлерге берілетін ағын су мәселесі бойынша өтінішін тыңдап, заң аясында жауап берді.
Аудан басшысы тұрғынды қабылдау барысында, ауылдық округ әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтінішті назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.