Әкім саурандықтармен кездесті
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков "Сауран" секторының тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы пікірлесті. Бұл шаһар басшысының жыл басынан бері «Сауран» секторындағы үшінші кездесуі.
Ақпан және наурыз айларында тұрғындармен кездесу барысында көтерілген 88 мәселенің бүгінгі таңға 82-і нақты орындалса, 3-і орындалу үстінде, тағы 3 мәселенің тиісті бөлімдермен заңдылығы зерделенуде дейді мамандар.
«Сауран» тұрғын үй алабында 15,8 шақырым құрайтын 28 көшеге тас төселді. Оның ішінде М.Төлебаев, Алпамыс батыр, А.Жұбанов, Желтоқсан, М.Мәжит және СМП-313 аумағындағы көшелер бар.
Сонымен қатар, Сарыарқа, Төле би, М.Төлебаев көшесіне және сонымен қатар 35,9 шқ құрайтын 31 көшеге жарықшамдар орнатылып, қазіргі уақытта кезең-кезеңімен электр көзіне қосылуда. Сондай-ақ Сауранда Б.Майлин – Ә.Жангелдин аралығына жаяу жүргіншілерге арналған жол (тротуар) құрылысы аяқталды. Жалпы Түркістан бойынша 2022жылға 100 аялдама орнату және 50,3 шақырымды құрайтын 41 көшеге аяқжол салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта 75 аялдамасы орнатылса, 21,2 км құрайтын жол аяқжолмен қамтылды. Барлық жұмыстар толығымен алдағы шілде айында аяқталады деп күтілуде. Ал ағымдағы жылы тасымалдаушы мекемелер тарапынан 40 автобус алып №6, 10 бағыттарды қайта жаңартып, қосымша №16, 17 бағыттарды іске қосу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта, соның 10 дана автобусы алынып,№6 бағытта қызмет көрсетуде.
Сондай-ақ, 1-ші мөлтек ауданында абаттандыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде спорт алаңшаларын салу, аумақты асфальттау мен аяқжолдар төсеу, жарықшамдар орнату және т.б. жұмыстар жүргізілуде. Мұнда жұмыстардың 80 пайызы орындалды. Шілде айының соңына дейін жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда, 2-ші мөлтек ауданда абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастырылды. Құрылыс жұмыстары шілде айының ортасында басталады деп жоспарлануда.
Кездесуде қала әкімі Түркістан қаласының 1-2 мөлтек ауданында 9 дана трансформаторларға күрделі жөндеу жүргізілгенін тілге тиек етті. Мемлекеттік жобаға сәйкес, 1 мөлтек ауданда жоғарғы кернеулі электр кабельдері 30 үйде толық жаңартылды. Қазіргі таңда 2 мөлтек ауданда жоғарғы кернеулі электр кабельдері ауыстырылуда.
Сауран секторында жалпы жоба бойынша 110 шақырым ауыз су желілері қайта күрделі жөндеуден өткізілуде. Жұмыстың 70 пайызы орындалған. Айта кетейік, өткен кездесулерде бірқатар көшелерге кәріз жүйесін жүргізу мәселелері көтерілген болатын. Мәселені шешу мақсатында 3 жоба әзірленіп нақтылануға ұсынылды. (Ортақ, Шавгар сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету 3-кезек, Баянауыл аумағын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету, Мақта зауыт және СМП-313 аумағын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету).