Өнеркәсіп саласында оңды істер көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында өнеркәсіп саласын дамыту керектігін алға тартып, "Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру керек" деп нақты тапсырма берген болатын.
Президенттің тапсырмасы Түркістан облысында ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Өңірде ірі зауыттар салынып, үлкен жобалар жасалынып жатыр. Бірақ жұмыссыздықпен күресудегі ең тиімді жол – шағын және орта кәсіпкерлік. Өз бизнесін бастаймын дейтін азаматтарға былтыр 500 мың теңге көлемінде грант берілсе, биыл ол қаржы 1 миллион 200 мың теңгеге жетті. Әсіресе ауылда әр тұрғын өзінің үй іргелік жерін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығымен айналыса алады. Диқандарға су үнемдеу технологиялары түсіндіріліп жатыр. Кәсіп бастаған азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ өңірде құрылыс пен инвестиция көлемі еселеп артқанын айта кетейік. Мұндай межеге жетуге Сарыағаш ауданының да қосқан үлесі зор.
Мамандардың дерегінше былтыр Сарыағаш ауданында жалпы өнім көлемі 193,6 млрд. теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 4,9%-ға артқан. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 47 мың тонна астық пен дәнді дақылдар, 850 тонна бұршақты дақылдар, 2020 тонна майлы дақыл, 27 мың тонна бақша өнімі, 92000 тонна картоп өсірілген. Жаңадан 31 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 683,2 гектарды құрады. Мал мен құс басы және өнімділік 4-5%-ға артқан. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 1011 гектарға 499 жоба жүзеге асырылып, 71 мың тонна көкөніс жиналған.
Ауданда өнеркәсіп саласындағы оңды істер ағымдағы жылы да жалғасын тауып жатыр.