Депутаттар «Зертас» ШҚ жұмысымен танысты
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасында көрсетілген индикаторлардың орындалуын бақылау мақсатында мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Талғат Балтабаев, Айжан Наимбекова және Мұрат Жолдыхожаев Еңбекші ауданы, Абдуллабад тұрғын алабында орналасқан «Зертас» ШҚ жұмысымен танысты.
Асыл тұқымды сүт бағытындағы шаруашылық 2019 жылы Австриядан 128 бас сүтті-етті бағыттағы ірі қара әкеліп, жұмысын бастаған. Биыл сиырлардың саны 342-ге жетті. Оның ішінде сүтті бағыттағы ірі қараның саны – 161. Ағымдағы жылы шаруашылық 200 басқа арналған қора жай да салған. Жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайтын шаруа қожалығында «Параллель» заманауи сауу қондырғысы, сүтті жинауға арналған салқындатқыш танкер секілді инновациялық теxнологиялар қолданылады. Сиырларды тұрақты ұстау мен асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймақтары да бар.
Мұнда әр бастан тәулігіне орташа есеппен 22 литр сүт алынып, жылына өндірілетін сүттің көлемі 1000 тоннадан асады. Шаруашылықта өндірілген сүт «ФудМастер» ЖШС-нің қайта өңдеу цехына өткізіледі. Шаруашылық басшысы мал басының санын арттыру үшін қосымша қора жай құрылысын жүргізіп, сүт өнімінің көлемін көбейтуді және халықты табиғи әрі сапалы сүт өнімімен қаматамасыз етуді жоспарлап отыр.
Мемлекеттік қолдауға келсек, "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес, 2021 жылдың басынан бері өндірілген сүттің әр литріне 20 теңгеден мемлекеттік қолдау көрсетілуде.