Сарыағашта ауыл шаруашылығында 82 миллиард теңгенің өнімі өндірілді
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында биылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында 82 миллиард 789,5 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша өңірде өндірілген өнімнің 20 миллиард 137,6 миллион теңгесі мал шаруашылығына және 62 миллиард 471,9 миллион теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі.
Жалпы, Сарыағаш өңірі ауыл шаруашылығы саласы бойынша елімізде алдыңғы қатардағы аудан саналады. Республикадағы жылыжайлар мен тамшылатып суару әдісі енгізілген алқаптардың басым бөлігі аталған ауданға тиесілі. Сонымен бірге мал шаруашылығы, мал бордақылау, сүт, жұмыртқа өндіру, саласында да айтарлықтай жетістіктер бар.
Соңғы жылдары Сарыағашта жылына бір егістіктен 2-3 өнім алу әдісі енгізіліп, шаруалар тың технологиялар арқылы табысын еселей түсуде. Соның ішінде ауданда өндірілген қызанақ, қырықбат, қияр өнімдері еліміздің өзге облыстарына және шетелдерге экспортталады. Ауданда шаруашылықтарды ағын сумен қамтамасыз ету мәселесінде тың жобалар қоға алынуда. Өңірдегі бірқатар каналдар күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл суармалы жерлердің көлемі көбейтіп, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берді.