Міндет-қызмет көрсету сапасын жетілдіру
Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Атамекен-Қазақстан» қандастарға арналған қоғамдық қорының директоры Ж.Т.Искакова мен Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімшесінің маманы Г.Калимбетова «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ ТО филиалының әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру және Халыққа қызмет көрсету бөлімдеріне қоғамдық бақылау жүргізілді. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус, арнайы қоңырау батырмасы орнатылған және кезексіз қызмет көрсету үшін арнайы қызметкерлер бекітілген.
Сондай-ақ, мекемеге келген қызмет алушыларға «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» ұйымдастырылған және көмек қажет болған жағдайда арнайы кеңесші мамандар анықталды.
Қоғамдық бақылау барысында, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер құжаттарын шалғай елді мекендерге курьер арқылы тасымалдау қызмет түріне ерекше назар аударылды. Нәтижеде бір ғана курьер бары анықталды. Ал, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің күні белгіленген, мерзімнен асқан жағдайда, өтініш иесіне уақытылы жауап беру мүмкін болмауда, сол себепті тұрғындардың өтінішін мерзімінде қанағаттандыру мақсатында курьер санын көбейтуге мекеме басшысына ұсыныс берілді.
Айта кетейік, мемлекеттік қызметтердің көрсету сапасын бақылау үшін Халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалауға мүмкіндік беретін электронды қосымшасы орнатылған, сол арқылы қызмет сапасына баға беруге болады.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын тұрақты жетілдіру, оларға азаматтардың еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету стратегиялық міндеттер болып табылады. Сол үшінде қызмет көрсету сапасы Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының тұрақты бақылауында.
Осы мақсатта алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерге тұрақты түрде қоғамдық бақылау жүргізілетінін хабарлаймыз.