Халықтың талап-тілегі ескерусіз қалмайды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа орнаған "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында:
-"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" - бұл, шын мәнісінде, "Әділетті мемлекет" құру тұжырымдамасы екенін айтты. "Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" - бұл, шын мәнісінде, "Әділетті мемлекет" құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы - дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет",- деген болатын.
Сарыағаш ауданының аудан әкімі, "Nur Otan" партиясы Сарыағаш аудандық филиалы төрағасы Мұхит Отаршиев партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды кезекті рет жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдауға алдын ала жазылған тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар жер учаскесін рәсімдеу, тұрғын үй кезегі, коммуналдық тұрғын үй беру және ішкі көшелерге асфальт төсеу мәселелерімен жүгінді.
Қабылдау барысында аудан басшысы әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, бірқатар мәселені шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, әр мәселені жеке бақылауға алатындығын атап өтті.