Қылуетті көрдің бе?
Тарихы том-том кітап жазуға жетерлік Шымкент қаласында бүгінде көненің көзі сақталған ерекше мәдени нысандар, мұражайлар жетерлік. Үшінші мегаполистегі туристердің сүйікті орнына айналған "Қылует" этнографиялық мұражайы бар.
"Қылует" - бұл ерекше мұражай, ол жер астындағы, бөлмелері бар хильвет. Мұражайдың авторы Кендебай Қарабдалов. «Тұрлан экспедициясы» шағынауданында орналасқан этномұражай Қарабдаловтың ғана емес, өнерлі ұлттың жетістігі болып отыр. Мұражай 2004 жылдан бастап жұмыс iстеп келедi. Онда Кендебай ағаның қолынан шыққан әртүрлі бұйымдарды тамашалауға болады. Сондай-ақ Отырартөбе қалашығында, басқа да жерлерде археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан кезінде табылған ерекше жәдiгерлерді де Кендебай аға сақтап отыр. Мұражай иесі үйiнiң алдына саз илейтiн, одан балшық күйiндегi қалыпта әзiрленген құмыраларды, сырнайды отқа күйдiретiн жерошақ орнатып, кешендi шеберхана да ұйымдастырған. Жер асты бөлмесінде қазақтардың ағаштан, қамыстан және саздан салынған ежелгі тұрғын үйі бар. Келушілерге оған кіру мүмкіндігі берілген. Экскурсияны өткізе отырып, Кендебай адамдардың бірлігіне, жан үйлесімділігіне, жерге деген құрметке, табиғи қуат күшіне бағытталған өз ой-пікірлерімен бөліседі.
Кез келген адам балшық құмыра жасау процесімен танысып, оларды өз бетінше жасауға жағдай жасалған. Мұнда туристердің жиі аяқ басуы да осы себептен.