«Манас» жырын жырлады
Шымкентте «Shymqala» этноауылында басталған «БЕСҚАРУ» этнофестивалінің екінші күні көрермен қырғыз елінен келген манасшы Талантаалы Бакчиевтің тамаша өнеріне тәнті болды. Жыршы бірнеше сағат бойы «Манас» жырынан үзінді орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
«Манас» жыры - мазмұн байлығы, көлемі мен көркемдік жыр кестесі жағынан да әлем халықтары әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алатын батырлық эпос. Онда алып Манас батырдың дүниеге келгенінен бастап, бүкіл үрім-бұтағымен жалғасқан батырлық, ерлік дәстүр қосыла жырланады. Ол - тек қырғыз халқының ғана емес, күллі түркі халықтарының тарихы мен салт дәстүрінен, рухани әлемінен мол мағлұмат беретін энциклопедия тектес мұра. Онда қазақ халқының тарихына қатысты оқиғалар да кеңінен қамтылып отырады, қазақ жырларымен сарындас тұстар да жетерлік.
Талантаалы Бакчиев манасшылар күнді-күнге, айды-айға қосып жырлайтын алып жырдың көркем табиғатына кезінде қазақтың ұлы ғалымдары Ш. Уәлиханов, М. Әуезовтер ерекше көңіл аударып, оның алғашқы зерттеушілері болғанын да атап өтті. Одан өзге келушілерге «Тұран» тобы жанды дауыста керемет музыкалық туындыларды орындап өнерлерін көрсетті. Жас жеткіншектерге «Тарланбоз» интеллектуалды ойыны ойнатылып, «Қой көтеру» сайысының жеңімпаздар анықталды.