Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмірінен сыр шертті
Қазақ халқының мемлекеттік қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толуына орай "Өнегелі өмір" атты ұлттық таным кеші өтті.
Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып дамуына елеулі үлес қосқан біртуар тұлға. Кештің құрметті қонағы жазушы Шойбек Орынбай қазақ руханияты мен мәдениетіне қосқан үлесі жайында әңгімелеп берді. "Бір өзі бір институттай болған Өзбекәлі Жәнібектовтің қазақ руханияты мен мәдениетін дамытудағы еңбек жолын Ахмет Байтұрсынұлының ұлт ағарту ісіндегі сара жолына ұқсатуға болады. Алаш көсемінің қазақ зейінін ғылым-білімге бұру үшін тұтас бір ғылыми институт атқаратын шаруаны тындырып кеткені тарихтан аян. Қазақ мәдениетінің асыл жауһарын аршып, саф күйінде ұрпаққа табыстау жолында Өзбекәлі Жәнібековке де дәл солай жан-жақты, өлшеусіз еңбек етуге тура келді. Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың ұлттық мәдениетінің өркендеуіне, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына көп күш-жігер жұмсаған қайраткер",- дейді жазушы.
Сондай-ақ бұл кеште "Әжелер" ансамблінің мүшесі Есқараева Шырынкүл ұлттық киімдер, кимешек туралы өз ойларымен бөлісті. №23 мектеп мұғалімдері Мақанова Л., Қалтаева А. ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық тәрбиенің роліне тоқталып өтті.
Тарих қойнауына үңіліп, халқымыздың өмірі мен тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеп, ерлігі мен бірлігін паш етіп, келер ұрпаққа баға жетпес құнды еңбектері мен өсиетін қалдырған еліміздің біртуар ірі тұлғаларының бірі – мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі жыл өткен сайын құндылығы арта түсері анық. Қоғам және мемлекеттік қайраткердің дара жолы, қыруар еңбегін ел ұмытпақ емес. Керісінше, жылдар ағымымен биік рухы асқақтала бермек.