Мақтаның түсімі мен бағасы көңіл көншітерлік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» - деп атап, ауыл шаруашылығының кез келген саласына көңіл бөлу ел болашағы мен экономикалық дамуының негізгі кепілі екендігін ескерткен болатын.
Осы негізде, Түркістан облысы өңірінде ауыл шаруашылығының бір саласы ақ алтын, яғни мақта өндіру кәсібі тиімді түрде жүзеге асуда. Аталған өңірде мақтаның түсімі мен бағасы да көңіл көншітерлік. Бүгінде ақ алтынның әр келісі орташа есеппен 340-360 теңгеден қабылдануда.
Ауданға қарасты Төрткүл ауылдық округіндегі шаруалар да өнімді жауын-шашынға ұрындырмай теріп алудың қамына кіріскен.
Мәселен, кәсіпкер Нұрлан Батырбеков басқаратын «НҰР-Агро-73» ЖШС алғашқы мақта терімінде-ақ 5000 тонна өнім жинап үлгерген.
Таңнан кешке дейін мақта қабылдау бекетінде жұмыс қарқын алған. Таразышылар мақта қабылдаса, зертханашылар жиналған өнімді зертханалық тексеруден өткізуде.
200-ден астам адам еңбек ететін ұжымда жұмысшыларға жақсы шарт-жағдай жасалған.
Жылдағыдай емес, биыл мақта бағасының көтерілуіне байланысты жұмысшылардың да еңбекақысы өскен.
Айта кетерлігі, мақта теру, жинау, қабылдау жұмыстары әлі де жалғасуда.