Сенаторлар «Тассай» индустриялды аймағының жұмысымен танысты

Oinet.kz 18-10-2021 786

Screenshot_17.png

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының  депутаттары Дәурен Әділбеков, Әлімжан Құртаев, Ерік Сұлтанов, Сағындық Лұқпанов, Еділ Мамытбеков, Ләззат Рысбекова және Сүйіндік Алдашев Шымкент қаласында болып, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.  Атап айтқанда, «Тассай» индустриалды аймағында болып, «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  трансформаторлық жабдықтарды өндіру зауытын аралап көрді. 

Компанияның бас директоры Омар Асановтың айтуынша, зауыт трансфарматор жабдықтарын шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. 

—Бізде қуаттылығы 110   кВ-тан бастап, 500 кВ-қа дейінгі автотрансформаторлар мен реакторлар жасалады. Жоғарғы ғылыми технологияның негізінде жасалатын бұл тауарлар еліміздің түрлі өңірлерінен бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина және Грузияға экспортталуда. Өндірісті басқару толық компьютерлендірілген, — дейді О.Асанов. 

Сенаторлар кәсіпорындағы жұмысшылардың жалақысы және әлеуметтік жағдайы туралы да сұрады. Компания басшысының айтуынша, зауытта 200-ден астам адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 360 мың теңгені құрайды екен. Мұнан бөлек жұмысшыларға арналған отбасылық жатақханалар, саябақ пен демалыс аймағы, спорт зал мен заманауи үлгідегі асханалар бар. Халық қалаулылары кәсіпорынның жұмысына жоғары баға беріп, осындай кәсіпорындардың көбеюі мегаполис экономикасының дамуына жол ашатынын атап өтті. 

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында 35 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде бүгінгі таңда 21 кәсіпорын іске қосылып, түрлі тауарлар өндіріп отыр. 


Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмірінен сыр шертті
«Мұқағали» көркем фильмінің премьерасы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу