Ордабасылық спортшылар боз кілемде оза шапты
Спортпен - өмір сүр. Спорт пен адам егіз ұғым. Денсаулықтың кепілі саналатын спортпен айналысқан әрбір адам үшін, тіпті қоғам үшін тиімді. Ал, спортты жеңіске айналдыру нағыз әуесқойлардың қолынан келетін іс. Осы орайда, қазақ күресінің атасы саналатын - Қажымұқан Мұңайтпасұлының жерлестері жарады.
Ордабасылық балуандар Ақтау қаласында өткен «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындарында бақ сынады. Олар жарысқа қазақ күресінен Түркістан облысы атынан шығып аталмыш бәсекеде өздерінің нағыз балуан екендіктерін танытты.
Кіл мықтылар белдескен боз кілемде Ордабасы ауданының тумасы 66 келі салмақта күш сынасқан Білал Болат алтын жүлдені иемденсе, 70 келіде Абдрахман Орынбасар күміс алқаны еншіледі. Түйе палуандар кім мықтыны сарапқа салған сайыста Бөлен Еркінбек күміс алқалы болды. Осылайша боз кілемге көтерілген спортшылармыз өздерінің қайтпайтын қайсарлықтарын көрсете білді.
Барша жеңімпаз атанған жерлестерімізді жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы үлкен дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектеспіз!