Сапалы байланыс қызметі жүзеге асырылмақ
Сапалы байланыс қызметі жүзеге асырылмақ. Күні бүгінге дейін басты мәселеге айналып келген интернет мәсілесі тиімді шешімін таппақ.
Осы орайда, Ордабасы ауданына қарасты елді мекендер сапалы байланыс қызметіне қосылатын болады. Бұл туралы аудан әкімдігінде ауылдар мен шалғай елді мекендердегі ұялы байланыс қызметінің сапасын жақсартуға арналған жиын барысында айтылды.
Қазіргі таңда Қызылсеңгір, Аққойлы, Жусансай, Жайылма ауылдарында интернеттің сапасын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоспарға сәйкес жүргізілетін жұмыстың сапасы төмен болған жағдайда тиісті мердігер мекемелерге айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылмақ.
Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы РММ басшысы Ержан Тоқтағұлов айтып өтті.
Аудан әкімі Бағлан Дәнебекұлы Шұбарсу, Бадам ауылдық округіндегі халық санының өсуіне байланысты байланыс қызметінің сапасын арттыру керектігін тілге тиек етті.
- Заман талабына сай интернет пен байланыс қызметі адамдар өмірінің ең маңызды бөлшегіне айналды. Өскелең ұрпақтың білім алуы да осы қызмет түріне мұқтаж. Өкінішке орай ауданымыздағы кейбір шалғай ауылдар мен елді мекендерде байланыс қызметінің сапасы нашар. Интернет жылдамдығы төмен. Біз бұл олқылықтарды цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасымен, түрлі байланыс қызметінің басшыларымен бірлесе отырып, оңды шешілу жолдарын қарастырамыз - деді аудан әкімі өз сөзінде.
Өз кезегінде салалық басқарма басшысы мәселені назарға алып, арнайы комиссия арқылы мәселенің шешу жолдарын қарастыратындығын жеткізді.