Егін науқаны басталды
Қазақ халқында «Жеріне қарай егін ек» - деген даналық сөз бар. Расында, Ордабасы ауданының әр аумағы астық өндәруге ыңғайлы өлке десек қателеспейміз. Ордабасылық диқандар жаз бойы еккен егінінің жемісін көрмек ниетте егін науқанын бастады.
Ордабасы ауданынадағы Бөген ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтары күзгі жүгері орымын бастап кетті. Күзгі науқанға 22 бірлік техника 102 тіркемесімен тартылып, 70 шақты азамат дақыл ору науқанына жұмылдырылды.
Қазіргі таңда, алқаптан алынған дәнді дақыл аудандағы ірі өндіріс ошақтарымен түзілген меморандум аясында қамбаларға жеткізілуде. Ал, жекелеген шаруалар дайын өнімдерін тиімді бағада саудалауда.
Биылғы ауыл шаруашылық дақылдарының түсім көрсеткішін есептеу үшін аудандық Статистика басқармасының басшысы Манзура Шәмшидинова жүгері алқаптарын аралап, шаруалармен кездесті.
Аудандық Ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Әбілда Әлібековтың айтуынша ауданда 9692 гектар аумаққа дәндік жүгері дақылы егілген. Осы уақыт аралығында жүгерінің 4697 гектары орылып, гектарына 120,0 центнерден жалпы 56364 тонна өнім жиналған. Нарық заңдылықтарына сәйкес дәндік жүгерінің бір келісі 100 теңгеден сатылуда. Жүгері жинау науқаны әлі де жалғасын табуда.