Шымкенттіктер кейіпкерлер киімін тамашалады
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мегаполистегі театрларда «Қойылымдық костюмдер көрмесі» өтті. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада театр ұжымдары ең таңдаулы қойылымдардың сахналық киім үлгілерін ұсынды.
Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры Мысыр елін билеген, Қыпшақ даласының ұлы қаһарманы Сұлтан Бейбарысқа арналған Р.Отарбаевтың «Сағыныш шөбі», Б.Пармановтың «Алпамыс» және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай сахналанған А.Алтынбековтың «Дара тұлға» поэтикалық драмасының сахналық киімдері мен кейіпкер қуыршақтардың көрмесін ұйымдастырды. Бұл көрме қала тұрғындары мен қонақтарының театр тынысымен танысып, асыл өнерге бір табан жақындауға мүмкіндік берді.
Ал, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры көрмеге американдық драматург Нил Саймонның әлем әдебиетінің інжу-маржанына айналған «Әумесерлер» комедиясындағы қойылымдық киімдерін қойды. Спектакль қазақ тілінде тұңғыш рет Фархадбек Қанафиннің режиссерлігімен сахналанған болатын. XX ғасырдың 80 жылдарында жазылған пьеса тақырыбы күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған емес. «Әумесерлер» комедиясында көрініс желісі бір-бірімен ширыға өрбіп, соңында білімнің күші махаббатқа ұласып, әумесер кейіпкерлер сау адамға айналады.
Бекзат өнер ордасы Шымкент қалалық опера және балет театры репертуардағы ең қызықты костюм үлгілерін ұсынды. Қазақ опера жауһарларынан М.Төлебаевтың «Біржан Сара», Т.Жармұқамедтің «Домалақ ана», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» және шетел классиктерінен Дж.Вердидің «Риголетто», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» қойылымдарындағы киімдер эскиздерімен қоса ұсынылды.
Аталмыш көрме 12-18 қазан аралығында әр театрдың ғимаратында өтеді. Театр сүйер қауым көрме аясында түрлі қойылым кейіпкерлерінің және әр кезеңдегі киім үлгісімен таныса алады.