Туристік аймақтарды таза ұстаған жөн

Oinet.kz 09-10-2021 809

Screenshot_17.png

Пандемия тұсында әр мемлекет қал-қадірінше туризмді дамытуға күш салуда. Әсіресе, биылдан бастап ішкі туризмнің тамырына біртіндеп қан жүгіре бастады. Көптеген отандасымыз алыс шетел асып, тәуекелге бас тіккенше, туған өлкенің табиғатын тамашалауды құп көруде. Оңтүстік өңірі, оның ішінде Шымкент маңайы табиғаты сұлу жерлерден құралақан емес. Үшінші мегаполистің іргесінде Тянь-Шань тауының бір сілемі – Сайрам-Өгем жатыр. Қарт Қаратау, қазыналы Қаратау да қаладан алыс емес. Биыл карантин шаралары біршама жеңілдетілген соң жерлестеріміз табиғат аясында саяхаттауды бастады.

Ыбырай бірнеше жылдан бері табиғат аясын, өңіріміздің сырға толы нүктелерін жақсы біледі. Сондағы хоббиі – әсем орындарды суретке түсіру. Соңғы жылдары таныстарының өтінішін жерге тастамай, тұмса табиғаты сақталған аймақтарға апарып, жол бастап жүр. Қыдырушыларға қойылатын басты талап – тәртіп пен тазалық сақтау, қоқыс қалдырмау.

– Туризмнің дамығаны жақсы, әрине. Ендігі мәселе – адам аяғы жиі жететін орындарды қоқыс алаңына айналдырмау. Оған әрқайсымыз атсалысып, жұмылуымыз керек. Біз де өз тарапымыздан үлес қосып, бірнеше рет табиғат аясында қалған қоқыстарды жинап, өзімізбен ала кеттік, – деді Ыбырай.

Қала маңында ғана емес, туризм мегаполистің өзінде де шама-шарқынша дамып келеді. Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметінше, 2021 жылдың 6 айында қалаға келушілер саны 158 224 адамды құрады. Қонақтар биыл Шымкенттің тарихи маңызды орталығынан ашылып, ел игілігіне берілген Shymqala этноқалашығы секілді тарихи-мәдени орындарды аралап, тамашалай алады. Оған қоса, көпшілікке белгілі қонақжайлылығымыз да бар. Ресми мәлімет бойынша, қаламызда қонақ қабылдап, орналастыра алатын 125 нысан болса, онда мыңнан астам адам қызмет етеді.


Кәсіп бастайтын жастарға қолдау көп
Қонақжай қаланың тың жобалары көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу