Қонақжай қаланың тың жобалары көп
Туризм – жай ғана қыдыру емес. Белгілі бір ел өмірінің тұтас саласы. Әлемде экономикасы мен жалпы ішкі өнімінің сүбелі үлесін туризм құрайтын елдер жетерлік.
Мегаполис қонақтарына қызмет көрсету мақсатында биылғы қаңтар айында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес басқармаға қарасты «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы құрылған болатын. Қаладағы көрікті орындар, бағыттар мен өзге де жаңалықтармен таныстырып отыратын visit-shymkent.kz туристік порталы мен мобильді қосымшасы іске қосылған. Оған қоса қала аумағындағы әуежай, теміржол вокзалы, саябақтар мен Арбат секілді туристер көп шоғырланатын орындарда 7 ақпараттық дүңгіршек қызмет атқарады. Онда жыл басынан бері 10 мыңға жуық адамға анықтамалық-консультациялық қызмет көрсетілген. АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Мажарстан, Ресей, Корея, Өзбекстан және т.б. елдерден келген қонақтарға 83 экскурсия өткізілді дейді салағажауапты мамандар.
Медициналық туризмді дамыту мақсатында басқарма тарапынан Шымкент қаласына келетін қазақстандық және шетелдік емделушілер туралы мәлімет жіті зерделеніп, арнайы 3 туристік пакет әзірленді. Сонымен қоса, туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларымен меморандумдарға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
Басқарма мамандары туризмге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қаланың негізгі 6 туристік нысанын анықтаған. Осылайша Әл-Фараби, Наурыз, Ордабасы алаңдарында, Бәйдібек би ескерткіші, Дендросаябақ және Цирк аумағында автобустарға арналған «Bus stop» тұрақтары жасалды. Жауапты мамандар туристік инфрақұрылымды жетілдіру аясында көрнекі орындарға бағыттайтын жол сілтегіштер мен туристік паспорттарды жыл соңына дейін орналастыруды жоспарлап отыр. Мұның барлығы да шырайлы Шымқаланың қонақжайлылығын бұрынғыдан да паш етіп, туризмін дамытуға бағытталған.