«Мұғалім – мектептің жүрегі»
Түркістан облысында ұстаздар күні көптеген мерекелік іс-шаралармен аталып өтті.
Созақ ауданының орталығы Шолққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Мұғалімдер күніне орай «Мұғалім – мектептің жүрегі» мерекелік жиын аталып өтті. Бұл туралы Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты жиын сахналық қойылыммен басталды. Қойылым аяқталған соң, видеоролик көрсетілді. Аталған шара қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.
Шара барысында Созақ ауданының әкімі Полатов Салыхан Сабырұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудан ұстаздарын марапаттады.
Сонымен қатар, Созақ аудандық мәслихаты «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Әлжанов Ролан Ізбасарұлы да ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, аудандық мәслихаттың арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.
Созақ ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Айдаров Нұралы Тұрдыұлы бірқатар шығармашыл ұстаздарға Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Құрмет грамотасы» мен «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісін табыстады.
Мерекелік кеш барысында сезімнің ақындығы мен жүректің батырлығына ие ұлағатты ұстаздарымызға арналған әндерді жиналған көрермен қосыла шырқады.