Жеке қабылдауда жайылым мәселесі қозғалды
Сарыағаш ауданының әкімі, "Nur Otan" партиясы Сарыағаш аудандық филиалы төрағасы М.Отаршиев партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды кезекті рет жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жеке қабылдауға жазылған аудан тұрғындары тұрғын үй кезегі, коммуналдық тұрғын үй беру, жайылымдық жер және конкурс арқылы жайылымдық жерді жалға алған тұлғалардың шұңқыр қазып тастап жатқандығына заңды шара қолдану туралы, сонымен қатар елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.
Аудан басшысы әр тұрғынның сауалдарына заңды түрде жеке-жеке жауап беріп, әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді. Сөз соңында тапсырмалардың орындалуын жіті бақылауында ұстайтынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Былтыр халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы:
- Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйеле¬ріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет,-деп атап өткен болатын.