Қарттарын қадірлеген ел ардақты
Сарыағаш ауданында 1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік іс-шара болып өтті. Бұл туралы Сарыағаш аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Мерекелік іс шарада аудан әкімі М.Отаршиев сөз алып:
- Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл- кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер, баршаңызға мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл күй, ұзақ ғұмыр тілеймін,-деп қазыналы қарттарды төл мерекелерімен құттықтап, алғыс хат табыс етіп, бірқатар қарияларға емдеу-сауықтыру орталығына жолдама берілді.
Сондай-ақ мерекелік шарада аудандық мәслихат хатшысы С.Тасқұлов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов қарттарды мерекемен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен үйлесімін тауып, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мерекелік концерт ұйымдастырып, әсем әнмен қариялардың көңіл күйін көтерді. Кеш барысында асқақтата шырқаған әншілердің өнерін жиылған жұртшылық жоғары бағалады.