Шардара: «Қамқорлық» бағдарламасы аясында баспаналы болғандардың алғысы шексіз
Жақсылығын жасап, қайырымын күтпеген қазақ сонаудан жақынын жатқа жем етпей, кедейі мен жесірін жерге тастамаған халық. Сол әдет бүгінге дейін жалғасып келеді. Қиын қыстау кездеңде баспаналы болған шардаралық тұрғындар соған куә болса керек.
Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен іске асырылған, көмекке мұқтаж жандарға демеу болған «Қамқорлық» бағдарламасының шарапаты тигендердің саны бүгінде артып келеді.
Бағдарлама аясында күнкөрісі төмен көпбалалы отбасыларды және жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды баспанамен қамту Шардара ауданында да қолға алынған болатын. Бұл орайда биыл 9 баспана беру жоспарланған екен. Ол жоспар артығымен орындалып, 12 баспана беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы да 3 тұрғын үйді тапсыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар Шардара ауданында мемлекет тарапынан 4 қабатты, 40 пәтерлі 2 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуда. Яғни жыл соңына дейін үй кезегінде тұрған 80 отбасы баспаналы болады. Бүгінгі таңда Шардара ауданында атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтамасыз етілген 1713 отбасы болса, оның ішінде баспанасы жоқ тұрғын үйге мұқтаж 12 тұрмысы төмен көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасылар баспанамен қамтамасыз етіліп отыр.
«Ауданда «Қамқорлық» бағдарламасы аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған, қала, ауылдық округтерден анықталған 58 отбасыға демеушілер есебінен 2 599,2 мың теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. Сондай-ақ 58 отбасының еңбекке жарамды 24 мүшесі жұмыспен қамтылған. Одан бөлек жалпы сомасы 25,7 млн теңгеге демеушілер есебінен 6, яғни Шардара қаласынан – 4, Қоссейіт және Қ.Тұрысбеков ауылдық округтерінен бір-бірден тұрғын үй берілді. Аудан бойынша 722 «Алтын алқа» иегері, 2027 «Күміс алқа» иегері, 136 – «Батыр ана», 124 I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар бар. Оларға және жағдайы төмен отбасыларға жергілікті әкімдік тарапынан үнемі көмек көрсетіліп келеді. Бала – болашағымыз десек, аналар – сол болашақтың негізін қалаушылар.
Әлемнің жарығын сыйлаған асыл жандарға жәрдемақы болсын, өзгесі болсын, қандай құрмет, қолдау көрсетсек те жарасады», дейді аудан әкімі Қайрат Жолдыбай. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж.Тұрлыбековтің хабарлауынша, төтенше жағдай кезінде кіріссіз қалуға байланысты 34936 адамнан өтініш келіп түскен.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шардара аудандық бөлімшесіне 34788 өтініш, Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 148 өтініш қабылданған. «Бөлімге түскен өтініштер Халықты жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі штабта қаралып, 134 адамның өтініші колданыстағы заңға сәйкес кері қайтарылды, бір жеке тұлға және 13 заңды тұлға өтініштеріне оң қорытынды беріліп мемлекеттік корпорацияға жолданды.
Бүгінгі таңда мемлекеттік корпорацияның аудандық бөлімшесіне 1 кезеңге 20288 өтінішке банктер арқылы жәрдемақы төленсе, 94 өтініштен бас тартылған. Төтенше жағдай режімінің ұзартылуына байланысты 2 кезеңге 17201 адамға 42500 теңге әлеуметтік төлем қайта төленді», дейді Ж.Тұрлыбеков.
Биылға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке бюджеттен 1 173,1 млн теңге бөлінген. Оның 1 065,6 млн теңгесі республикалық, 107,5 млн теңгесі жергілікті бюджеттен.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға 1713 отбасын қатыстыру (9873 адам) жоспарлануда. Оның ішінде 223,4 млн теңге 1-6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер үшін қарастырылған. Биыл 6 айда 636 отбасыдан құжат қабылданып, оның 533-іне 107,6 млн теңге тағайындалып, толығымен төленді. 100 отбасының құжатынан комиссияның шешімі бойынша бас тартылып, қалған 3 отбасының құжаттары комиссия қарауына ұсынылған.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрінің «Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға I тоқсанға қабылданған 485 отбасының әлеуметтік төлемдері II тоқсанға ұзартылды. Оларға тағайындалған қаржы 106,7 млн теңге, бүгінгі таңға тағайындалған қаржының республикалық бюджеттен 86,7 млн теңгесі сәуір, мамыр айларына төленді», дейді бөлім басшысы. Жалпы ауданда 2020 жылға күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесін 27,1 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр