1462 әкімшілік құқық бұзушылықты анықталды

Шымкентте түнгі уақытта жол қозғалысы мен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуге бағытталған «Түнгі қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Он күн ішінде полиция қызметкерлері 1462 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, тиісті шаралар қабылдады.
Тексеру кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтауға да басымдық берілді. Атап айтқанда, маневр жасау қағидаларын бұзудың 893 дерегі тіркелген. Сонымен қатар көлік құралдарын рұқсатсыз қайта жабдықтаудың 70 фактісі анықталды. Мұндай құқық бұзушылықтар көлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, полиция тарапынан бақылау күшейтілген.
Түнгі уақытта жүргізілген рейдтер барысында қоғамдық тыныштық мәселесі де назарда болды. Осы бағытта 437 құқық бұзушылық анықталған. Бұдан бөлек, мас күйінде көлік басқарудың 16 және көлік жүргізу құқығы жоқ адамдардың рөлге отырған 51 дерегінің жолы кесілді.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 200-ден астам автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Бұл ретте рейдтердің мақсаты тек құқық бұзушылықтарды тіркеу емес, жолдағы қауіптің алдын алып, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаладағы түнгі қауіпсіздік мәселесі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі саналады. Жол ережесін сақтау, көлікті белгіленген талапқа сай пайдалану және түнгі уақытта қоғамдық тыныштықты бұзбау – ортақ қауіпсіздіктің негізгі шарттары.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы талаптарын сақтауға, көлік басқарған кезде жауапкершілік танытуға және түнгі уақытта айналадағы тұрғындардың тыныштығын ескеруге шақырады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, рейдтік жұмыстар барысында анықталған әрбір құқық бұзушылық заң аясында қаралады. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне қатысты талаптардың орындалуы бақылауда болады.


