Студенттер жасанды интеллектіні тәжірибеде меңгерді

Шымкентте цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін түрлі салада қолдану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қалада тұрғындарға көрсетілетін қызметтерді цифрландырумен қатар, жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне арналған оқыту және тәжірибелік жобаларға да басымдық берілуде. Бұл бағытта IT мамандарын даярлау, цифрлық сауаттылықты арттыру және жастардың заманауи құралдармен жұмыс істеуіне жағдай жасау маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.
Осы жұмыстардың жалғасы ретінде Shymkent Hub-та студенттерге арналған үш күндік AI Bootcamp ұйымдастырылды. Оған 20 студент қатысып, ЖИ құралдарының көмегімен заманауи видеоконтент әзірлеуді үйренді. Бағдарлама қатысушылардың жаңа технологияны тек теория жүзінде танып қоймай, оны нақты шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында қолдануына мүмкіндік берді.
Bootcamp барысында студенттер идеядан дайын бейнероликке дейінгі үдерісті кезең-кезеңімен меңгерді. Алдымен ChatGPT көмегімен контентке арналған идея мен сценарий әзірледі. Кейін AI құралдары арқылы визуалдар жасап, Higgsfield және басқа да заманауи сервистермен жұмыс істеді. Осылайша әр қатысушы өз идеясын өңдеп, оны дайын видеожобаға айналдырды.
Үш күндік оқыту кезінде жасанды интеллекттің мәтін құрастыру, визуал әзірлеу және бейнематериал жасау мүмкіндіктері тәжірибе жүзінде көрсетілді. Студенттер тапсырмаға сәйкес құрал таңдауды, жасанды интеллектке нақты сұраныс беруді және алынған нәтижені шығармашылық мақсатқа бейімдеуді үйренді. Мұндай тәжірибе технологияны дайын өнім жасауға қолданудың тиімді жолдарын түсінуге мүмкіндік береді.
Қаладағы цифрландыру үдерісінде мұндай бастамалардың орны ерекше. Себебі жасанды интеллектіні дамыту тек жаңа сервистерді енгізумен шектелмей, оларды қолдана алатын кадрлардың қалыптасуын да талап етеді. Сондықтан жастардың AI құралдарымен жұмыс істеу дағдысын ерте кезеңнен қалыптастыру алдағы уақытта цифрлық жобалар мен жаңа кәсіп түрлерінің дамуына ықпал ете алады.
Қорытындыда қатысушылар жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін практикада сынап, өз қолдарымен видеоконтент жасап шықты. Бағдарлама жастарға жасанды интеллектіні шығармашылық идеяны жүзеге асыру құралы ретінде пайдалануға тәжірибе берді.


