Құқықтық көмек – азаматтың заңды жолдағы қорғаны

Шымкентте азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және заң талаптарын түсіндіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Құқықтық көмек» жобасы аясында тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беруге арналған кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – азаматтардың өзекті мәселелерін заң шеңберінде шешуге жәрдемдесу, білікті құқықтық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Қоғамдық қабылдауға «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Е. Байқонысов, адвокат А. Муталипов, Қазақстандық заң консультанттары палатасының заң консультанттары М.А. Жумабаева мен Л.Е. Биболова қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған құқықтық мәселелерін ортаға салып, мамандардан кеңес алды. Әрбір өтініш бойынша қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, мәселені шешудің заңды жолдары жөнінде нақты кеңестер берілді. Қатысушылардың түрлі сауалдарына мамандар қолданыстағы заң нормалары негізінде түсініктеме ұсынды.
«Заң мен тәртіп» қағидатының мәні азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, кез келген даулы мәселені заң шеңберінде шешу мәдениетін қалыптастырумен де байланысты. Құқықтық кеңес алу тұрғындарға өз жағдайына қатысты қандай әрекет жасау керегін түсінуге, қажетті құжаттарды жинауға және тиісті мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарына белгіленген тәртіппен жүгінуге мүмкіндік береді.
Құқықтық сауаттылықтың маңызы күнделікті өмірдегі көптеген мәселеден көрінеді. Еңбек қатынастары, тұрғын үй, алимент, әлеуметтік төлемдер, қарыз міндеттемелері, мүлікке қатысты даулар немесе әкімшілік мәселелер бойынша азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін білсе, мәселені өршітпей, құқықтық тетіктер арқылы шешуге мүмкіндік алады.
Қоғамдық қабылдаудың тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың жеке мәселесін мамандарға тікелей жеткізіп, кәсіби кеңес алуына жағдай жасалуы. Мұндай формат азамат пен заң саласының маманы арасындағы байланысты жақындатып, құқықтық ақпараттың қолжетімді болуына ықпал етеді.
Қабылдау соңында мамандар азаматтарға заң талаптарын сақтаудың және құқықтарын заңды жолмен қорғаудың маңызын түсіндірді. Қажет болған жағдайда тұрғындарға мәселені шешу үшін қай мекемеге және қандай тәртіппен жүгіну керектігі жөнінде бағыт-бағдар берілді.


