Құқықтық көмек те цифрлық жүйеге көшуде

Oinet.kz 02-10-2026

image.png

Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету кезінде цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мәселесі талқыланды. Осыған байланысты «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесін қолдану тәртібіне арналған жиын өтті. Кездесуге Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова, Шымкент қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Исфандияр Құралбаев, Анықтау басқармасы бастығының орынбасары Мадияр Мантеев, қалалық адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймұратов және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін адвокаттар қатысты.

Жиынның негізгі тақырыбы – заң көмегін көрсету барысында өтініштерді электронды түрде рәсімдеу және тиісті мәліметтерді бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізу. Қатысушылар адвокаттар мен заң консультанттарынан келіп түсетін өтініштерді «Е-заң көмегі» платформасында тіркеу тәртібін талқылады.

Цифрлық жүйенің қолданылуы құқықтық қызмет көрсету процесін бір арнаға түсіріп, құжат айналымын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін қағаз түрінде орындалатын бірқатар рәсімнің электронды форматқа көшуі уақытты үнемдеуге, мәліметтерді жүйелі сақтауға және өтініштерді қарау барысын бақылауға жағдай жасайды. Бұл әсіресе мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін көрсету кезінде маңызды.

Кездесуде мұндай заң көмегіне ақы төлеуге қатысты өтініштердің бірыңғай цифрлық жүйеде электронды түрде рәсімделуі тиіс екені атап өтілді. Осы талаптарды орындау үшін ГГЮП бағдарламасы бойынша тиісті қаулыларды «ЕРДР» және «Төрелік» ақпараттық жүйелері арқылы «Е-заң көмегі» платформасына енгізу тәртібі түсіндірілді.

Жиында адвокаттар мен заң консультанттарына ақпараттық жүйені пайдалану кезінде сақталуы тиіс талаптар түсіндіріліп, туындаған мәселелер бойынша пікір алмасты. Мамандар үшін платформаның функционалы мен электронды өтініштерді рәсімдеуге қатысты практикалық мәселелер қаралды.

Құқық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. «Е-заң көмегі» жүйесі арқылы құқықтық көмекті ұйымдастырудың электронды форматы азаматтардың заң көмегін алу процесін жүйелеуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын цифрлық ортада да қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заңды білу – құқықты қорғаудың негізі
Құқықтық көмек – азаматтың заңды жолдағы қорғаны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу