Жастардың құқықтық сауаты маңызды

Oinet.kz 02-10-2026

image.png

Шымкентте жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта «Әділет» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттерімен кездесу өтті.

Жиында «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғам өміріндегі маңызы сөз болды. Қатысушылар жастардың қоғамдық ортадағы жауапкершілігі, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және заң талаптарын сақтауы жөнінде пікір алмасты. Студенттерге құқықтық сауаттың күнделікті өмірде де қажет екені түсіндірілді. Өйткені азамат өз құқығын білген жағдайда заң бұзушылықтың алдын алуға, даулы мәселені құқықтық жолмен шешуге және өзге адамдардың құқықтарына құрметпен қарауға мүмкіндік алады.

Кездесуде жастардың қоғамдық өмірге араласуы да назардан тыс қалған жоқ. Азаматтық белсенділік қоғамдық бастамаларға қатысумен ғана шектелмей, ортақ тәртіпке жауапкершілікпен қараудан, заң талаптарын орындаудан және қоғам алдындағы міндетін түсінуден көрінетіні айтылды. Әсіресе болашақ медицина мамандары үшін адам өмірі мен денсаулығына жауап беретін салада кәсіби міндетпен қатар заң талаптарын сақтау да маңызды екені сөз болды.

Құқықтық мәдениет жас кезден қалыптасады. Студенттердің заң нормаларын білуі олардың құқықтық мәселелерге сауатты қарауына, өз әрекетінің салдарын түсінуіне және қоғамдық ортадағы тәртіпке жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда жастармен ашық форматтағы кездесулердің маңызы зор.

Іс-шара барысында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Еркін пікір алмасу кезінде жастардың азаматтық ұстанымы, құқықтық сауаты және қоғамдық мәселелерге қызығушылығы талқыланды.

Кездесу соңында белсенді қатысқан жастарға алғыс білдіріліп, осындай мазмұндағы кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Заңды білу мен оны құрметтеу – қоғамдық тәртіптің негізі. Ал құқықтық сауаты жоғары, жауапкершілігін түсінетін жас буынның қалыптасуы қоғамдағы заңдылықты нығайтуға ықпал етеді.

Қарызды азайту: жаңа тәсілдер талқыланды
Заңды білу – құқықты қорғаудың негізі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу