Қарызды азайту: жаңа тәсілдер талқыланды

Oinet.kz 02-10-2026

image.png

«Әділет» партиясында қазақстандықтардың несие жүктемесін азайтуға және проблемалық берешекті реттеуге бағытталған жаңа тәсілдер талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдардың, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық банктің және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қатысты. Кездесуде қарыз алушыларды қолдау тетіктерін жетілдіру, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру мәселелері қаралды.

Қарызы бар азаматтарға қолдау көрсетудің бір жолы – «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы. Жоба мамандары азаматтарға берешегін реттеу жолдарын түсіндіріп, қарыз алушылардың құқықтары жөнінде кеңес береді. Қажет болған жағдайда банктермен және басқа да кредиторлармен келіссөз жүргізуге көмектесіп, берешекті төлеу шарттарын қайта қарауға қатысты қолдау көрсетеді.

Жоба аясында жыл басынан бері 175 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Оның ішінде 27 мыңнан астам өтініш бойынша берешекті қайта құрылымдау, шоттардағы тыйымды алу, банкроттық рәсімдерін жүргізу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және басқа да құқықтық көмек көрсетілді. Қазір тағы 67 мыңнан астам өтініш бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен бірге 21,5 мың азаматқа берешекті реттеуге көмек қажет екені анықталған.

Дегенмен халықтың шамадан тыс кредиттік жүктемесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, 1,3 миллионнан астам қазақстандықтың проблемалық кредиті бар. Ал 90 күннен астам уақыт мерзімі өткен берешек көлемі 2,5 триллион теңгеге жеткен.

Мәселені шешуде азаматтардың өз құқықтарын білуі де маңызды. Кейбір адамдар қарызы көбейген жағдайда қандай мекемеге жүгіну керегін, кредит шартын өзгерту немесе берешекті қайта құрылымдау мүмкіндіктерін біле бермейді. Сондықтан мамандардың құқықтық кеңесі мен қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстардың маңызы артып отыр.

Кездесуде осы бағыттағы шараларды жүйелі түрде жалғастыру, қарыз алушыларға ақпараттық және құқықтық қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ проблемалық берешектің алдын алу тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар қаралды.

Заңды құрметтеу – қоғам тұрақтылығының негізі
Жастардың құқықтық сауаты маңызды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу