Жастар адалдықты таңдаса, қоғам өзгереді

Заңға құрмет пен адалдықты жас буынның бойына сіңіру – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды бағыттарының бірі. Шымкентте осы мақсатта оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруға арналған іс-шара өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған жиында мектеп оқушылары арасында дебат турнирінің финалы өтіп, «Адал ұрпақ – жарқын болашақ» жобасы аясындағы бейнеесеп байқауының қорытындысы шығарылды.
Пікірсайысқа қатысқан жасөспірімдер сыбайлас жемқорлықтың қоғамға әсері, заң талаптарын сақтау, жауапкершілік және адал еңбек туралы ойларын ортаға салды. Әр команда өз ұстанымын дәлелдермен қорғап, қарсы тараптың пікіріне жауап берді. Мұндай формат жастарға өз ойын еркін жеткізіп қана қоймай, мәселені бірнеше қырынан қарауға мүмкіндік береді.
Финалға Мұқағали Мақатаев атындағы білім ұясының оқушылары да қатысып, нәтижесінде екінші орынға ие болды. Жасөспірімдер команда болып «адал.kz» сайтын әзірлеген. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың өз пікірін қауіпсіз әрі анонимді түрде жеткізуіне жағдай жасау.
Жоба авторларының бірі Чароз Мухсимованың айтуынша, арнайы платформа арқылы оқушылар өздерін алаңдатқан мәселелер туралы ашық айта алады. Команда сайтқа жасанды интеллект элементтері бар чат енгізген.
«Осы сайт арқылы өз пікірін анонимды түрде жеткізе алады. Осы арқылы жемқорлықтың алдын аламыз. Көп оқушылар буллинг немесе басқа да нәрселерді ашық айтуға ұялады. Сол үшін біз ИИ чат жасадық. Ол жерде оқушы өз ойын анонимды түрде айта алады. 10 күннің ішінде 100 оқушыны тіркеп, қостық. Олар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша өз ойларын жеткізді», – деді ол.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбековтің айтуынша, мұндай жобалар жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, байқау қыркүйектің 10-ынан басталып, қала мектептері арасында іріктеу ойындары ұйымдастырылған. Оған 32 мектептің оқушылары қатысты. Үздік жобалар белгіленген талаптар бойынша бағаланып, белсенді қатысушылар марапатталды. Мұндай бастамалар заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін жас ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.


