Рельстегі рейд жалғасуда

Oinet.kz 01-10-2026

image.png

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылаумен шектелмейді. Адам көп жүретін теміржол вокзалдары мен жолаушылар пойыздарында да заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Шымкент станциясында өткен кезекті профилактикалық шара барысында полицейлер жолаушылар пойыздарын тексеріп, есірткі заттарының заңсыз тасымалына тосқауыл қоюға басымдық берді.

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде көліктегі полиция қызметкерлері қызметтік иттерді пайдаланып, вагондарды тексерді. №77 «Алматы–Маңғыстау» бағытындағы пойыз да бақылаудан өтті. Рейд барысында жолаушыларға есірткінің адам денсаулығына және қоғамға келтіретін зияны түсіндіріліп, оны сақтау, тасымалдау мен өткізуге қатысты заң талаптары айтылды. 

Шымкент станциясы көліктегі полиция бөлімінің есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы Манас Шотановтың айтуынша, жыл басынан бері есірткі заттарын тасымалдауға байланысты 20 дерек анықталған. Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Көліктегі полиция қызметкерлерімен осы уақытқа дейін 20 есірткі заттарын тасу фактілері анықталған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 440 бабымен 28 әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – келетін және кететін халыққа есірткі заттарының зиянын түсіндірме жұмыстарын жүргізу», – деді Манас Шотанов.

Теміржол нысандарындағы бақылау бір реттік шара емес. Полиция қызметкерлері қызметтік иттердің көмегімен аптасына кемінде екі рет рейд өткізіп, жолаушылар пойыздарында тексеру жүргізеді. Мамандардың мәліметінше, былтыр есірткі заттарын сату және тасымалдауға қатысты 25 дерек тіркелген.

Пойыз құрамының қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлер де жолаушылардың тәртібі мен вагондардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды. Пойыз бастығының міндетін атқарушы Құттыбай Оңдас әр станцияда вагондардың тексерілетінін айтты.

 «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызды бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу. Осы тұрғыдан алғанда теміржолдағы тексеру жұмыстары заңсыз есірткі айналымын анықтаумен қатар, жолаушыларға құқықтық талаптарды түсіндіруге де мүмкіндік береді. 

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Жастар адалдықты таңдаса, қоғам өзгереді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу