«Халық заңгері» акциясы өтті

Шымкенттегі Арбат алаңында «Халық заңгері» акциясы өтіп, тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес берілді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы мұндай шаралар азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, заң талаптарын түсіндіруге бағытталған.
Акцияға қалалық басқармалар мен әкімдік мамандары, заңгер-консультанттар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және прокурорларды қоса алғанда, 40-қа жуық маман қатысты. Олар тұрғындардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, нақты мәселелер бойынша құқықтық кеңес берді.
Әсіресе тұрғын үй және жылжымайтын мүлік құжаттарын рәсімдеу мәселесі жиі көтерілген. Сонымен қатар соңғы уақытта кибералаяқтық, алаяқтық және дропперлікке қатысты сұрақтар да көбейген. Бұдан бөлек, азаматтар алимент өндіру, әлеуметтік төлемдер мен жер дауларына байланысты көмек сұраған.
– Шымкент тұрғындары түрлі мәселелер бойынша жүгінеді. Алайда ең көп қойылатын сұрақтар тұрғын үй және жылжымайтын мүлік құжаттарын рәсімдеуге қатысты. Сондай-ақ, кибералаяқтық, алаяқтық және дропперлік мәселелері де жиі көтеріледі. Өйткені қазір бұл өте өзекті тақырыптар және адамдар мұндай жағдайларға жиі тап болады. Бұдан бөлек, алимент өндіруге көмек сұрап жүгінетіндер бар. Кейбір азаматтарға барлық құжаттарымен аудан прокуратурасына келуді ұсынамыз. Сол жерде туындаған мәселелерді нақты әрі жан-жақты қарастыруға мүмкіндік бар. Бір күннің өзінде аудан прокуратурасына түрлі мәселелер бойынша шамамен 30 адам жүгінеді, – дейді Әл-Фараби ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Мерей Айжанова.
Акция барысында тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп қана қоймай, мәселені қай мемлекеттік орган арқылы шешуге болатыны жөнінде де бағыт-бағдар берілді. Мәселен, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібін түсіндірді.
«Халық заңгері» акциясы бірнеше жылдан бері қазақстандықтарға заңгерлік қызметті тегін көрсетіп келеді. Оның тағы бір тиімділігі – азаматтардың әр мәселе бойынша бөлек-бөлек мекемеге бармай, бір жерде бірнеше саланың маманынан кеңес алуына жағдай жасалуы. Акция кезінде тұрғындар адвокаттардан, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мамандарынан қажетті түсініктеме алды.


