Заңсыз жарнамалар жойылды

Есірткі қылмысының алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – қоғамның әр мүшесі атсалысуы тиіс ортақ іс. Әсіресе есірткіні жасырын немесе ашық түрде насихаттайтын жазулар мен бейнелердің таралуына жол бермеу – жастардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Stop: Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында есірткі жарнамасы бейнеленген өнімдерді сатудың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бауыржан Қанатұлы Қарбеков және «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандары қатысты. Мамандар кәсіпкерлерге есірткі құралдарын немесе оларды насихаттайтын ақпаратты қамтитын өнімдердің қоғамға тигізетін зияны жөнінде түсіндірді. Әсіресе жастар арасында есірткіні қалыпты немесе сәнді құбылыс ретінде көрсетуге жол бермеудің маңызы атап өтілді.
Бүгінде есірткі жарнамасы түрлі формада кездесуі мүмкін. Киімдегі жазу, аксессуардағы белгі немесе өзге де тауардағы бейне сырт көзге жай ғана дизайн элементі болып көрінгенімен, оның астарында қауіпті идеологияны тарату мақсаты болуы ықтимал. Сондықтан кәсіпкерлердің сатылымға шығаратын өнімдеріне мұқият қарауы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір бөлігі.
Түсіндіру барысында сауда нысандарының өкілдеріне қолданыстағы заң талаптарын сақтау, күмәнді мазмұндағы өнімдерді саудаға шығармау және құқық бұзушылық белгілері байқалған жағдайда тиісті органдарға хабарлау қажеттігі айтылды.
Мұндай профилактикалық шаралардың басты мақсаты – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу. Кәсіпкер заң талаптарын сақтаған сайын, қоғамда есірткіні насихаттайтын ақпараттың таралуына тосқауыл қою мүмкіндігі артады.
Жастар ресурстық орталығы мамандары да жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруда ақпараттық жұмыстың маңызын атап өтті. Дұрыс түсіндіру, пайдалы орта қалыптастыру және заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу – алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Есірткіге қарсы күрес бір күндік акциямен шектелмейді. Ол күн сайын жүргізілетін түсіндіру мен жауапкершіліктен тұрады.


