Жолдағы тәртіп – қауіпсіздіктің басты шарты

Жол – қателікті кешірмейтін орта. Бір сәттік асығыстық, жол белгісін елемеу немесе қарсы бағыттағы көлікке назар аудармау ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек айыппұлдан қорғану емес, ең алдымен адам өміріне деген жауапкершілік.
Шымкент қаласының айналма жолдарында жол-көлік оқиғаларының орын алуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрықта жүргізушілердің жол қозғалысы талаптарын сақтамауынан түрлі оқиғалар тіркелуде.
Бұл аумақта көлік қозғалысы қарқынды. Бірнеше бағыттан келген автокөліктердің қиылысуы жүргізушіден ерекше мұқияттылықты талап етеді. Жолайрықтағы басты қауіптің бірі – қозғалыс кезектілігін сақтамау. Бір жүргізушінің асығыс әрекеті өзге көлік жүргізушілеріне ғана емес, жолаушылар мен жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған байланысты аталған аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жүргізушілерге жолайрықтан дұрыс өту тәртібі түсіндіріліп, жол белгілері мен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертіледі. Бұл туралы қалалық прокуратура өкілі Бексұлтан Бауыржанұлы мәлімдеді.
Мамандардың түсіндіруінше, жолдағы қауіпсіздік тек бақылау немесе рейдпен қамтамасыз етілмейді. Оның негізінде жүргізушінің жеке мәдениеті мен жауапкершілігі жатыр. Рөлге отырған адам өзінің ғана емес, айналасындағы ондаған адамның қауіпсіздігіне жауап береді.
Сондықтан жол қозғалысына қатысушыларға қарапайым талаптарды есте ұстаған жөн: жол белгілерін мұқият бақылау, қозғалыс жылдамдығын жағдайға сай таңдау, жолақ ауыстырғанда асықпау және жолайрықта басымдық тәртібін сақтау қажет. Қарсы бағыттағы көлікке жол беру немесе бірнеше секунд күту – уақыт жоғалту емес, адам өмірін қорғау.
Жолдағы өзара құрмет те аса маңызды. Бір-біріне жол беру, жаяу жүргіншілерге назар аудару және қауіпті маневрден бас тарту мәдениетті жүргізушінің белгісі. «Заң мен тәртіп» қағидаты жол үстінде де сақталуы тиіс. Ереже бар жерде тәртіп, тәртіп бар жерде қауіпсіздік болады. Сондықтан әр жүргізуші жолға шыққанда бір қарапайым қағиданы есте ұстағаны жөн: межелі жерге бірнеше минут ерте жетуден адам өмірі қымбат емес.


