Таза қала – тәртіпті қоғамның айнасы

Тазалық – тек көшенің көркі емес, қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Ал қоршаған ортаға ұқыпты қарау заң талаптарын сақтаумен ұштасқанда ғана тұрақты әрі қауіпсіз қала қалыптасады. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға арналған ведомствоаралық жиын өтті.
Басқосуға қалалық прокуратура, Полиция департаменті, Экология департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасы, төтенше жағдайлар қызметі, мемлекеттік органдар мен еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері белгіленді.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында қалада мобильді топ тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Оның құрамына прокуратура, әкімдік, полиция, экология саласының мамандары, төтенше жағдайлар қызметі, Жайлы ортаны дамыту басқармасы және қоғам белсенділері кірген. Мұндай құрам әр мәселені бір ғана органның емес, бірнеше мекеменің бірлескен күшімен шешуге мүмкіндік береді.
Мобильді топтың жұмысы ең алдымен заңсыз қоқыс орындарын анықтау, санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру талаптарының орындалуын бақылау және қоршаған ортаға келетін зиянның алдын алуға бағытталған. «Таза Қазақстан» – сенбілікпен шектелетін науқан емес. Оның мәні тұрғындардың күнделікті өмірінде тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруда. Қоқысты белгіленбеген жерге тастау, ортақ аумақты ластау немесе табиғатқа зиян келтіру – жай ғана мәдениетсіздік емес, заң талаптарына қайшы әрекет болуы мүмкін.
Сондықтан тазалық пен тәртіп мәселесінде профилактикаға ерекше мән берілуде. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарын бұзудың салдары ескертіледі. Ал талапты елемеген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Жиын барысында алдағы кезеңге арналған міндеттер де нақтыланды. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, мобильді топтардың жұмысын жүйелеу және қоғамдық бақылауды арттыру – негізгі бағыттардың қатарында.
Таза көше, қауіпсіз аула, абаттандырылған орта – бәрі де ортақ жауапкершіліктен басталады. «Заң және тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» жобасының түйісетін тұсы да осында.


