Заң орындалғанда – әділет орнығады

Oinet.kz 10-07-2026

Screenshot_39.jpg

Сот шешімінің қабылдануы – әділет жолындағы істің аяқталуы емес. Нағыз нәтиже сол шешімнің орындалуынан көрінеді. Сондықтан атқарушылық іс жүргізу жүйесінің тиімді әрі ашық жұмыс істеуі азаматтардың құқықтарын қорғауда ерекше маңызға ие.

Шымкент қаласында бұл бағытта 8 мемлекеттік және 155 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. Олардың негізгі міндеті – заңды күшіне енген сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етіп, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге ықпал ету.

2026 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер жүйеге цифрлық технологиялардың енгізілуі жұмысты жеделдетіп келе жатқанын көрсетеді. Атап айтқанда, «Робот-сот орындаушы» жүйесінің көмегімен 15 033 атқарушылық іс аяқталып, жалпы 338 млн теңге өндірілген.

Цифрлық жүйенің артықшылығы – қайталанатын процестерді автоматтандырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беруінде. Бұл сот орындаушыларының жұмысын оңтайландырып қана қоймай, азаматтардың мәселесін шешу мерзімін қысқартуға да ықпал етеді.

Алайда қарызды өндіріп алу мәселесін тек мәжбүрлеу шараларымен шешу жеткіліксіз. Борышкердің тұрақты табысы болмаса, міндеттемесін орындауы да қиындай түседі. Осыны ескерген Шымкент қаласының Әділет департаменті азаматтарды жұмыспен қамту бағытына да назар аударып отыр.

Жыл басынан бері борышкерлерді еңбекпен қамту мақсатында 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде 254 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл – атқарушылық іс жүргізудің әлеуметтік маңызын көрсететін нақты мысал. Тұрақты жұмысы бар азаматтың қарызын өтеуге де мүмкіндігі артады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының Әділет департаментінің басшысы Айнұр Ақжігітқызы Исабекова мәлімдеді.

Атқарушылық іс жүргізудегі басты мақсат – тек берешекті өндіріп алу емес, заңды күшіне енген шешімнің орындалуын қамтамасыз ету арқылы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

«Заң мен тәртіп» қағидатының мәні де осында. Заң баршаға ортақ болғанымен, оның орындалуы нақты іспен өлшенеді. Сот шешімі қағаз жүзінде қалып қоймай, азаматтың құқығын іс жүзінде қорғаған кезде ғана әділеттің нәтижесі көрінеді. Сондықтан атқарушылық жүйені цифрландыру секілді шаралар – заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды тетіктері.

Цифрлы қала – болашаққа бастайды
Таза қала – тәртіпті қоғамның айнасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу