Цифрлы қала – болашаққа бастайды

Қала дамуының жаңа кезеңінде цифрлық технология жай ғана заманауи үрдіс емес, тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдететін маңызды құралға айналып келеді. Осы бағыттағы халықаралық тәжірибені зерделеу мақсатында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Португалиядағы жетекші технологиялық парктердің бірі – «Taguspark» технопаркінің басшысы Эдуарду Баптишта Коррейамен кездесті.
Кездесуде цифрландыру, жасанды интеллект, инновациялық кәсіпкерлік және озық технологияларды қала өміріне енгізу мәселелері талқыланды. Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылының жариялануы бұл бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін беріп отыр. Оның негізгі мақсаты – технологияны дамыту ғана емес, оны нақты мәселелерді шешуге тиімді пайдалану.
Кездесуде «Smart City» тұжырымдамасы аясында Шымкентте жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Интеллектуалды көлік жүйесі, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қалалық басқару салаларындағы цифрлық шешімдер қала инфрақұрылымын басқарудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді.
Мәселен, нақты уақыт режимінде деректерді талдауға мүмкіндік беретін Smart Data Ukimet (SDU) платформасы шешім қабылдау сапасын арттыруға бағытталған. Ал AIQYN және Digital Maps жүйелері қалалық процестерді бақылау мен ақпаратты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
IT-стартаптарды қолдау бағытында жұмыс істейтін Shymkent Hub орталығының қызметі де таныстырылды. Мұндай орталықтар жастардың технологиялық идеяларын бизнес-жобаға айналдырып, жаңа өнімдер мен қызметтердің пайда болуына жол ашады.
Кездесудің тағы бір қызықты бағыты – дрон инфрақұрылымын дамыту жобасы. Дрондарды қалалық инфрақұрылымды бақылау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету бағыттарында пайдалану басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Португалиялық «Taguspark» тәжірибесі де осы тұрғыдан құнды. Технопарк инновациялық инфрақұрылым қалыптастырумен қатар, стартаптарды қолдау, ғылым мен білімді бизнеске жақындату бағытында жұмыс істейді.
Халықаралық тәжірибе алмасудың басты мәні – дайын технологияны көшіріп алу емес, тиімді шешімдерді жергілікті жағдайға бейімдеу. Шымкент үшін мұндай серіктестік жаңа технологиялық жобаларға жол ашуы мүмкін.


