Жолдағы жауапсыздыққа заң аясында тосқауыл қойылды

Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз қоғам» жобасы құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілер құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралдарының бірі болып отыр. Жуырда қала полицейлері интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған екі жүргізушіні анықтады. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда «Mercedes» және «ВАЗ-2107» автокөліктерінің жүргізушілері қала көшелерінде қасақана қалың түтін шығарып, қауіпті маневрлер жасағаны байқалған.
Өз әрекеттерін көпшілікке әсерлі көрініс ретінде көрсеткісі келген жүргізушілер жол қозғалысының өзге қатысушыларына қауіп төндіріп қана қоймай, қоғамдық тәртіпті де бұзған. Мұндай жауапсыз әрекеттер кез келген сәтте жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Сондықтан полиция қызметкерлері құқық бұзушылардың жеке басын жедел анықтап, оларды тиісті бөлімшеге жеткізді.
Тексеру барысында жүргізушілердің бірінің көлік құралын басқаруға заңды құқығы жоқ екені анықталды. Жиналған материалдардың негізінде құқық бұзушыларға ұсақ бұзақылық жасағаны, жол қауіпсіздігіне қатер төндіргені және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Іс сот қарауына жолданып, сот шешімімен екі жүргізушіге де 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Жолдағы тәртіпті сақтау – әрбір жүргізушінің азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Әсіресе әлеуметтік желіде танымал болу үшін жасалатын қауіпті әрекеттердің соңы қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін. Сондықтан заң талаптарын сақтау мен жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі болып қала береді.
Айта кету керек, «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясындағы жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының мақсат-міндеттерімен де үндеседі. Өйткені қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, азаматтардың жауапкершілігін арттыруды талап етеді.


