«Халық заңгері» республикалық акциясы өтті

Шымкент қаласындағы Арбат демалыс аймағында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында дәстүрлі «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған шара тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың заң көмегіне қолжетімділігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және күнделікті өмірде кездесетін түрлі мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу. Мұндай бастамалар халық пен құқықтық институттар арасындағы өзара байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында тұрғындарды заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласының мамандары қабылдады. Олар азаматтардың өтініштерін тыңдап, құқықтық мәселелерді шешудің нақты тетіктерін түсіндірді. Ашық форматтағы қабылдау тұрғындарға өздерін толғандырған сауалдарға жедел әрі кәсіби жауап алуға жағдай жасады.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй қатынастары, жер мәселелері, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, алимент өндіру, банк несиелері және мұрагерлік құқыққа қатысты сұрақтар қойды. Әрбір өтініш жеке қаралып, заң талаптарына сәйкес түсіндірмелер мен ұсыныстар берілді.
Әсіресе мұрагерлік құқық мәселесіне қатысты сауалдар көп болды. Мамандардың айтуынша, Қазақстан заңнамасында мұрагерлік өсиет бойынша немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Егер азамат көзі тірісінде өсиет қалдырса, мүлік сол құжатта көрсетілген тұлғаларға беріледі. Ал өсиет болмаған жағдайда мұра заңда белгіленген тәртіппен жақын туыстары арасында бөлінеді.
Заңгерлер мұрагерлік құқықтың азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғауда ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Бұл құқықтық институт қайтыс болған адамның мүлкінің заңды иелеріне өтуін қамтамасыз етіп қана қоймай, мұрагерлер арасында туындауы мүмкін даулардың алдын алуға ықпал етеді. Бүгінде тұрғын үй, жер телімдері, банктегі жинақтар мен өзге де мүліктерді рәсімдеуге қатысты мәселелер жиі кездесетіндіктен, азаматтардың осы саладағы құқықтық білімін арттыру өзекті болып отыр. Арбат алаңында өткен акция халық тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды.


