«Құқықтық реформа – ел дамуының берік негізі» тақырыбында кездесу өтті

Oinet.kz 04-06-2026

8ad1681054741991fec2e4a988da4437.jpg

Құқықтық мемлекет құру жолында Конституцияның мәні мен маңызын қоғамға кеңінен түсіндірудің орны ерекше. Осы мақсатта жуырда Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінде «Құқықтық реформа – ел дамуының берік негізі» тақырыбында кездесу өтті.

Жиынға студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы қатысып, елдегі саяси-құқықтық реформалар, Конституцияның жаңартылған мазмұны және оның қоғам дамуындағы рөлі талқыланды. Кездесу барысында заң ғылымдарының кандидаты Нұржан Жақсылық Ата заңның жаңа редакциясында ұлттық мүдде мен қоғамдық құндылықтарға ерекше мән берілгенін атап өтті.

Спикердің айтуынша, тәуелсіздік жылдарында қолданыста болған Конституция өз тарихи міндетін толық атқарды. Алайда жаһандық өзгерістер мен қоғамдық сұраныстар елдің одан әрі дамуына сай келетін жаңа құқықтық тетіктерді қажет етті. Осыған байланысты жаңартылған Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталды.

Жаңа редакциядағы Ата заңның басты ерекшелігі – әділеттілік, теңдік және заң үстемдігі қағидаттарын нығайту. Құжатта әр азаматтың заң алдында тең болуы, оның құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Сонымен қатар билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау, қоғамдық бақылауды күшейту және азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту көзделген.

Конституцияда ұлттық құндылықтарға да айрықша назар аударылған. Отбасы институтын қорғау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мәселелері нақты көрініс тапқан. Бұл қазақ халқының тарихи мұрасы мен рухани құндылықтарына деген құрметтің айғағы.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Қатысушылар конституциялық реформалардың ел болашағына ықпалы жөнінде пікір алмасып, құқықтық мемлекетті нығайтудағы маңызын талқылады.

Мамандардың пікірінше, заң үстемдігі орныққан қоғамда ғана тұрақтылық пен өркендеу қамтамасыз етіледі. Ал құқықтық сауаты жоғары жастар – әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің басты тірегі. Сондықтан Конституцияның мазмұнын түсіндіруге бағытталған мұндай кездесулердің тәрбиелік әрі танымдық маңызы зор.

Тазалық пен тәртіп – ортақ жауапкершілік
Құқықтық профилактика – қылмыстың алдын алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу