Келесте арна түзету жұмыстары жүргізіледі
Түркістан облысы Келес ауданында жыл сайын көктем, күз айларында нөсер жаңбыр және қардың еруінен Келес өзенінде тасқын, топан сулар пайда болып, өзен маңындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді және жеке тұрғын үй секторларына қауіп төнетін. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Келес ауданы аумағынан өтетін Келес өзенінің 12 жерінен су арнасын бұру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарлы жұмыстар Ақтөбе ауылдық округінің Жуантөбе елді мекенінен бастау алып, Кеңдала, Жаңадәуір және Көкбұлақ ауылдарының тұсында жалғасты. Ауқымды жұмыстармен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды танысты.
Облыс басшысы маңызды нысандағы арна түзету және жаға бекітуге қатысты құрылыстың сапасына аса назар аударуды тапсырды. Бүгінгі таңда Қошқарата ауылдық округінің Ұшқын, Мақташы ауылдары мен Бірлесу ауылдық округіндегі 28 Гвардия және Абай ауылы аумағындағы Келес өзеніне құятын арықты (коллектор) қайта қалпына келтіру және түзету жұмыстары атқарылуда.
Келес ауданы бойынша 7,2 км арна түзету жаға бекіту жұмыстары жүргізіледі. 2100 габиондық сетка орнатылса, 6300 м3 қой тасы қойылуы жоспарланған. Бүгінгі таңда 12 нысанның 4-еуі бітіп, алтауында жұмыстар жүргізілуде. 2 нысанда ағын су беру науқаны аяқталған соң жұмыстар жүргізіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысы, Келес ауданының аумағын өтетін Келес өзені ауданның алты ауылдық округінен ағып өтіп, ұзындығы 90 шақырымға жуық аралықты құрайды. Тасқын, топан сулар өзен арнасын бұзып, өзен жағалаулары жарқабақтана опырылып құлап, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді және жылы жай кешендерін, жақын орналасқан тұрғын үйлерді шайып кету қаупі бар. Осыған байланысты Келес ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі жұмысшы топ кұрылып, мәселенің өзекті екені анықталған.