Жетісай: Тағы бір елді мекенге газ берілді
«Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін елді мекендердегі барлық инфрақұрылымдық мәселелер шешімін табады. Осыған байланысты қазір барлық өңірлерде халықтың сапалы инфрақұрылыммен қамту жобалары жүзеге асуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес елді мекен тұрғындарын көгілдір отынмен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жетісай ауданында 250-ге тарта тұрғыны бар тағы бір елді мекенге табиғи газ берілді. Бұл-соңғы 5 жылда газға қосылған бірінші ауыл. Аудандағы Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа дала елді мекені тұрғындарына табиғи газ беру шарасына аудан әкімі Серік Мамытов қатысты.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 2019 жылы құрылысы басталған газ өткізгішінің жалпы ұзындығы 18,8 шақырымды құрайды. Сметалық құны 239,6 млн теңге. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталғанымен табиғи газ қысымының жетіспеушілігінен тұрғындар табиғи газды пайдалана алмай келген. Сонымен қатар, өткен жылы Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Ақтөбе елді мекендері мен Абай ауылдық округінің Отан, Бейбітшілік елді мекендері, Ж.Ералиев ауылдық округінің Ғ.Мұратбаев елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарына «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджеттерден жалпы 1,6 млрд теңге қаржы бөлініп, өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Осы орайда жыл соңына дейін 6 елді мекендегі 10 мың тұрғынды табиғи газға қосу жоспарланып отыр.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабековтың айтуынша ауданда тұрғындарды табиғи газбен қамту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, көгілдір отынға деген сұранысты толықтай қанағаттандыру және газ тұтынушылар санын аудан тұрғындарының 60 пайызына жеткізу мақсатында жалпы сметалық құны 2,067 млрд теңгені құрайтын жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Оның ішінде Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» АГТС, Ынтымақ ауылдық округінде «Кирово» АГТС нысандарын салу жұмыстарына тиісті қаржылар бөлініп, мердігер «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынған. Аталмыш 2 АГТС-тың қуаттылығы 100 мың текше метрді құрайды.
Айта кетсек, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қоса Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 181 млн 709 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.