«Welcome to Turkistan – 2023» сапарға шықты

Oinet.kz 31-07-2023 473

 36.jpg 

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы және оған қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығынан құрылған 3 ақпараттық топ өңірдің туристік әлеуетін насихаттау және тәжірибе алмасу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Арнайы делегация «Welcome to Turkistan – 2023» тақырыбында Өзбекстанның Ташкент қаласы, Ташкент облысы, Қазақстанның Ақтау, Атырау, Орал және Ақтөбе облыстарында туризм саласының өкілдерімен кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізеді.

Осы мақсатпен  облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Ботагөз Мәуленова және бас маманы Шыңғыс Жұмахан Маңғыстау облысының ірі мұнай компанияларының бірі «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Бауыржан Жұбаназаровпен кездесті. Жүздесуде маңызды мәселелер талқыланып, Түркістан облысының туристік әлеуеті ұсынылды. Нәтижесінде екі жақты меморандумға қол қойылды.

Келіссөз барысында 50-ге жуық компания қызметкері Түркістан өңірінде саяхаттайтын болып келісілді. Бүгінгі кездесуде «Сарыағаш» ЕОК» шарттар жасасу және жолдамаларды сату жөніндегі өкілі Роман Турханов та іс-шараға белсене қатысты.

Айта кетейік, алдағы уақытта Түркістан облысының туризм саласын ілгерілету бойынша Өзбекстан Республикасы және Қазақстанның өзге де облыстарымен іскерлік қарым-қатынас одан әрі нығаяды. Ақпараттық турдың негізгі бағдарламасы 31 шілде күні басталады.


«TURKISTAN STARTUP WEEKEND»: Жеңімпаздар белгілі болды
Түлкібас: Грантпен кәсібін бастаушылар көбейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу