Түркістан облысындағы бизнес-климаттық ахуал талқыланды
Түркістан облысының прокуроры М.Тлеубердиевтің бастамасымен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және ірі кәсіпкерлермен кездесу өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры А.Ибадуллаев, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ ірі кәсіпкерлік субъектілері мен инвесторлар қатысты.
Күн тәртібі бойынша бизнесті қорғау бағытындағы прокуратура органдарының жұмыс нәтижелері мен алдағы міндеттері тыңдалды, сондай-ақ өңірдегі бизнес-климаттың ахуалы талқыланды.
Жиында белгілі болғандай, 2023 жылдың 5 айында облыстық прокуратура органдары қабылдаған шаралардың нәтижесінде 4 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалып, 42 лауазымды тұлға түрлі жауаптылыққа тартылған. Сонымен қатар, 7 заңсыз тексеру фактісі анықталып, 100-ден астам әкімшілік істердің күші жойылған.
Мемлекет басшысы прокуратура органдарына басым инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл - прокурорлық қадағалаудың жаңа бағыты. Осыған орай «ECOCULTURE-EURASIA» және «Саутс-Ойл» ЖШС басшыларының инвестициялық жобалары қаралды.
Жиынның қорытындысы бойынша Түркістан облысының прокуратурасы және кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Кәсіпкерлікті қорғау бағыты - облыс прокуратурасының бақылауында.