«Бизнеске жол» жобасы кәсіпкерге көмектеседі

Oinet.kz 14-06-2023 309

26.jpg

Түркістан облысында «Бизнеске жол» жобасы аясында 1064 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов мәлім етті. 

Спикердің сөзінше, Агенттіктің бастамасымен биыл елімізде кәсіпкерлерді қорғау бойынша «Бизнеске жол» жобасы іске қосылған. 

Жобаның негізгі мақсаты - кәсіпкерлерге түрлі құжаттарды рәсімдеу кезінде әкімшілік кедергілер мен әуре-сарсаңдарды еңсеруге көмектесу, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету. 

Брифинг барысында спикер жұмыс күндері Департамент тарапынан кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін шешу жолдары қарастырылғанын атап өтті.

– Дүйсенбі күні сағат 15:00-17:00 аралығында Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнес-қауымдастық өкілдерімен жеке қабылдау өткізіледі. Жоба басталғалы, яғни жыл басынан бері 1064 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлікке кедергі келтірген 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бизнес өкілдеріне жерді рәсімдеу, сәулет және басқа да бақылаушы органдардан рұқсат алу, коммуникацияларды қосу, мемлекеттік қолдаулар, соның ішінде несиелер, гранттар мен субсидиялар алу кезінде кедергілер мен тәуекелдер ұшырасқан жағдайда, Агенттіктің 1424 орталығы тәулік бойы тегін қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Түркістан қаласы, Тәукехан даңғылы №100 мекен-жайында орналасқан Департаментке келіп хабарлауға болады, - деді Ержан Әліұлы.

Айта кетейік, мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметіне кез келген заңсыз араласуы, бизнес өкілдерінің жұмысына кедергі келтіруі, мемлекеттің саясатына жасалған кедергілер ретінде қабылданады.


Бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы қызмет етеді
Түркістан облысындағы бизнес-климаттық ахуал талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу