Түркістан: Тоқтап тұрған 7 мектептің құрылысы қайта жанданады
Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжілісі Абай облысында орман өртін сөндіру барысында қаза тапқан 14 азаматты бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік сатып алу жұмыстарының барысы және өзекті мәселелері және проблемалық құрылыс нысандарының жай-күйі талқыланды. Облыс әкімі бұл бағыттарда немқұрайдылыққа жол берген басшыларды сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды. Құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің баяндауынша, бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған 7 мектептің құрылысы араға уақыт салып, қайта жанданбақ.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша,
Қазығұрт, Отырар және Ордабасы аудандарында орналасқан білім ұялары мердігерлер тарапынан тоқтаған. Бағаны көтерілуі мен пандемия салдарын алға тартқандардың істері сотта қаралып жатыр. Бірқатары бойынша шешім шығып, құрылыстың конкурсы қайтадан өткізіле бастады. Әртүрлі себептермен үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да тоқтап тұр. Іс сотта қаралуда. Құрылысты созғандар жосықсыз мердігерлер тізіміне енеді. Орта мектептердің құрылыс компанияларын мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енгізу және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талаптары сотта қанағаттандырылды.
– Жосықсыз мердігерлерге шара қабылдау қажет. Маңызды әлеуметтік нысанның құрылысын осыншама уақытқа созу – нағыз қылмыс. Әр істің артында қаншама халық тұрғанын ойлау керек. Қолдан келмей ме, кіріспесін. Жауапты істі мойнына алған соң сапалы және уақтылы орындау - басты назарда болу керек. Жосықсыз мердігерлермен жұмыс істеуді тоқтату керек. Қалғандарына сабақ болсын. Әрбір әлеуметтік нысанның құрылысына халықтың қаржысы жұмсалады. Оның сұрауы бар, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жүргізілген талдау нәтижесінде жұмысы аяқтаусыз қалған нысандар анықталған. Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың баяндауынша, мемлекеттік сатып алудың барлық принциптерін, оның ішінде адал бәсекелестік, ашықтық пен бюджет қаражатының оңтайлы және тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда.
Жұмысты қайта жандандыру мақсатында заң тұрғысында сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Сатып алу мониторингі қызметін күшейту үшін басқармаларға, аудан, қалаларға тыңдалым өткізу, тапсырыс берушілер жұмысын үйлестіру, есеп беру деректерін тексеру жүргізіледі. Жаңа бағдарламалардың жұмыс істеуін түсіндіру бойынша семинарлар өткізу жоспарланған.