«Тазалық-ортақ іс»
Түркістан облысындағы Ащысай мен Созақты жалғайтын жолдың бойы табиғаты әсем, демалушыларға тиімді орындардың бірі. Сондықтан мұнда қалдықтардың да көп болары белгілі.
Осы орайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының ұйытқы болуымен "Тазалық - ортақ іс" атты экологиялық сенбілік өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін шараға 100-ге жуық адам қатысты. Олардың арасында бірнеше басқарма мен мекеме өкілдері, облыстық Жастар орталығының қызметкерлері, ерікті жастар, сондай-ақ Кентау қаласы мен Сауран ауданының тұрғындары болды. Бүгін олар таңмен таласа Қаратау баурайындағы тас жол жағасын тазалауға кірісті.
- "Ащысай-Созақ" тас жолы бойындағы ағын су жағасына көпшілік жиі келіп демалады. Сондықтан осы бастаманы Ащысайдан, тау етегіндегі өзеннен бастауды жөн көрдік, - деді Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Айнұр Идрисова.
Сенбілік барысында бір ғана Мемлекеттік басқару академисы қызметкерлерінің өзі 10 қаптан астам қоқыс жинады. Оның дені - шыны бөтелкелер, пластмасс қалбырлар.
Жалпы тау арасындағы күре жолдан өтетін көлік көп. Осы орайда, сенбілік шеңберінде темір тұлпар тізгіндеген азаматтарға жадынамалар таратылды. Сондай-ақ барша белсенділер "Табиғатты таза ұстайық", "Айналаға қоқыс тастама", "Қоршаған ортаны таза ұстайық" деген тақтайшаларға бекітілген арнайы белгілер орнатты.
- Бізді жоба жетекшіміз бастап, игі шараға жұмылдырып отыр. Мұнда табиғатымызға қамқорлық танытуға дағдыландық. Тұрғындарды тазалық сақтауға шақырамын! - деді "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің менеджері Арайлым Тастемір.
Тазалық шарасының соңында спорттық жарыстар мен интелектуалды ойындар ұйымдастырылып, табиғат жанашырларына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.