Жетісай: Көпқабатты үйлер сапалы электрмен қамтамасыз етіледі

Oinet.kz 11-06-2023 182

9.jpg

«Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесін толығымен шешу көзделіп отыр. Осы бағытта Түркістан облысында бірқатар жобалар қолға алынған. 

Мәселен  Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына іссапары барысында инфрақұрылымға қатысты нысандардың құрылысын аралап шықты. Облыс басшысы Ж.Ералиев ауылдық округі, Дихан елді мекеніндегі құрылысы тоқтап қалған К-30 каналының жағдайымен танысып, жауаптылармен өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осыдан он жыл бұрын су арнасының гидроқұрылғыларын қайта құру жұмыстары басталған. Араға уақыт салып жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. 2018 жылдан бастап қайта жалғасқанымен, 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Каналдың 25 шақырымы бетондалу керек болса, оның 14 шақырымы, ішкі тармақтарының 175 шақырымы бетондалу керек болса, оның 52 шақырымы ғана бетондалған. Жоспарланған 4 насос станциясының ешбірі қойылмаған. Құрылысқа қаралған қаржы 6,076 млрд.теңгенің, 3,6 млрд. теңгесі игеріліп кеткен. Атқарылған құрылыс жұмыстарының сапасында көптеген кемшіліктер тіркелуде, каналдың жөндеуден өткен бөліктері қайта жарамсыз күйге айналуда, ішкі су жүйелерінің су өткізу қабілеті нашарлап жатыр. 

– Өңіріміз үшін ағын судың аса маңызды екенін білесіздер. Жұмыс дұрыс жоспарланбаған. Зардабын ел тартып отыр. Мәселені түбегейлі шешіп, каналды толық жөндеу керек. Диқандарға қолдау көрсеткен жөн, – деді Дархан Сатыбалды. 

Өңір басшысы Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су беру каналының да (Тәуелсіздіктің 20 жылдығы каналы) өзекті мәселелерімен танысты. Ұзындығы 29 шақырымды құрайтын канал 2009-2010 жылдары салынған. Суармалы жер көлемі – 86 700 га. Жетісай ауданының егістік алқаптарын «Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын судың тапшылығы сезілуде. Осы деректер талқыланып, канал мәселесі бақылауға алынды. 

Дархан Сатыбалды Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумақтың инфрақұрылымын дамытудағы өзекті мәселелерді де саралады. Жетісай қаласында 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталған. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. 5 қабатты 6 тұрғын үйдің ауласын көгалдандыру-көркейту және абаттандыру жұмыстары аяқталмаған және электр қуатымен қамтамасыз етілмеген. Электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен 110/35/10 кВ ҚС қосалқы станциясының құрылысы нысанына жоба әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті қаржыны бөлдіру үшін салалық басқармаға бюджеттік өтінім жолданған. Жоба іске асқанда Жетісай қаласы аумағындағы 12 көпқабатты, 440 пәтерлі үйлер, яғни 1842 абонент сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілмек. 

Облыс басшысы құрылысы созылған құрылыс жұмыстарын созбалаңға салғандарды сынға алып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстауды міндеттеді. 


Балық шаруашылығымен айналысушылар көбейіп келеді
Жетісайдың әкімдігіне жылыжай шаруашылығын дамыту тапсырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу