Балық шаруашылығымен айналысушылар көбейіп келеді
Түркістан облысы Түлкібас ауданында өткен жылы жұмысын бастаған «Нұрсәуле фрудс» ЖШС балық шаруашылығын дамытуға бел буып, жылына 100 тонна сазан, ақ амур, дөнмандай, фарель балықтарын өндіруді көздеп отыр.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген балық уылдырықтарының 3 млн. 200 мың данасын Құлан су қоймасы мен жанынан бой көтерген жасанды бассейндерге жіберген. Кәсіпкерлік нысанда 14 адамға жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Аталған серіктестікке аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен арнайы барып, жұмысымен танысты.
Әкімдік тарапынан қолдау сұраған кәсіпкерге аудан басшысы заң талаптарына сай барлық көмектер көрсетілетіндігін айтып, жауапты бөлім басшысымен бірге тиісті құжаттарын дайындап, ұсыну керектігін жеткізді.
Айта кетейік, аудан көлемінде соңғы 3-4 жылда балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді.
Осыдан 10 жылдай бұрын Арыс ауылдық округіне қарасты бірден-бір балық шаруашылығын дамытушы «First Fish Company» ЖШС-гі ғана жұмыс жасап келсе, бүгінгі таңда аудан көлемінде 12 шаруашылық өзінің жеріндегі өзен, көлдер мен жасанды тоғандарына балық шабақтарын жіберіп, балық өсірумен айналысып жатыр. Осы күнге дейін 28,5 га жер теліміндегі тоғандарға 3,5 млн. дана шабақтар жіберілген.