Арыс: Қаржылық сауаттылыққа арналған акция өтуде
Түркістан облысы Арыс қалалық мәдениет үйінде қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында «Экономикалық қауіпсіздік: өркендеумен тұрақтылық кепілі» тақырыбында акция өтті. Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова ашып, жүргізіп отырды. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шаһар басшысы жиын барысында «Экономикалық қауіпсіздік: өркендеумен тұрақтылық кепілі» атты акция аясында Арыс қаласы көлемінде жұмысшы топ құрылғанын, олар тарапынан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауатты құқықтық кеңес беру, қарапайым халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыру, қаржылық пирамидалардың алдын алу, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға және жастарға арналған жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Акцияда Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 1-Жедел басқармасының аға жедел уәкілі Абылайхан Тұңғышбаев күн тәртібінде мәселе бойынша кеңінен түсіндіріп өтті. Абылайхан Маратұлының мәлімдеуінше пирамида ұйымдастырушыларын жауапкершілікке тартуға болатынын, ондай ұйымдарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын, ал ақшалай қаражат тарту және пирамидаларды жарнамалау үшін қатысушыларға әкімшілік жаза қолдантылатынын, мұндай істер алаяқтық болып табылатынын мәлім етті.
Сонымен қатар, Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жастарға арналған жеңілдетілген 2,5% несие бойынша Арыс қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» басшысының орынбасары Әсет Нұржанұлы, кредиттеумен байланысты мәселелерде алаяқтық белгілерінің алдын алу туралы «Halyk bank» АҚ-ның Арыс қалалық филиалының басшысы Асқар Сүлейменов, «Қаржылық сауаттылық: қаржыны тиімді пайдалану мен алаяқтардың арбауына түспеудің жолдары қандай» тақырыбында «Аманат» партиясының Арыс қалалық филиалының төрағасы Арыс қалалық мәслихатының депутаты Бақтығали Ділдәбеков баяндама оқып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.