Арыс: Базарға талап күшейтілді
Түркістан облысы Арыс қаласы әкімдіктің кіші мәжіліс залында қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың басшылығымен қала орталығындағы сауда базарлары төрағаларымен мәжіліс өтті. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында сауда орындарының тазалығы мен қауіпсіздігі, ретсіз сауданы жою, көтерме сауда орындардағы тазалық жайы, заңсыз тасымалдауды тоқтату сынды мәселелер көтерілді.
«Тұрғындар тарапынан Орталық базар маңындағы тазалық пен қоғамдық тәртіпке қатысты шағымдар көбеюде. Кейбір сауда нүктелерінің жайсыз орналасуы мен арнайы автотұрақтың болмауы қаланың санитарлық тазалығы мен тұрғындар қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. Кейбір саудагерлер жаяу жүргіншілер жолына шығып кетеді. Осыны ретке келтіруіміз керек,– деді Гүлжан Мамытқызы.⠀
Сонымен қатар, сауда дүкенінің иесі өзіне іргелес аумақтың тазалығына жауапты екені айтылып, тазалық-санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда айыппұл салу керектігін тілге тиек етті.⠀
Бұдан бөлек, жауапты сала мамандарына базар айналасындағы автотұрақ мәселесін шешудің жолдарын қарастырып, ұсыныспен келуді тапсырды.⠀
Қала басшысы барлық тапсырмалар өзінің бақылауында болатынын, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Айта кетейік, жиынға қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Омархан Алқожаев, Санитариялық-эпидемиологиялық басқарма, Аумақтық ветеринариялық инспекция мен әкімдік мамандары мен қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.